Зеленский Трампты "Путиннің не істегенін түсіну үшін" Украинаға келіп қайтуға шақырды

Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) мен АҚШ президенті Дональд Трамп. Ақ үй, Вашингтон, 28 ақпан, 2025 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский америкалық CBS News телеарнасындағы "60 минут" бағдарламасына берген сұхбатында АҚШ президенті Дональд Трампты Украинадағы соғысқа байланысты қандай да бір шешім қабылдамас бұрын, "Путиннің не істегенін түсіну" үшін Украинаға келіп қайтуға шақырды.

"Біз сіздің ұстанымыңызды құрметтейміз. Бірақ, қандай да бір шешім қабылдамас бұрын я келіссөз жоспарын құрғанға дейін, Украинаға келіп, адамдарды, бейбіт халықты, әскери қызметкерлерді, ауруханаларды, шіркеулерді, қаза тапқан немесе зардап шеккен балаларды көріп қайтыңызшы. Келіңіз, көріңіз, сосын соғысты қалай аяқтау туралы жоспар құрайық. Оның кім екенін сонда түсінесіз", – деді Зеленский Трампқа қарата айтқан сөзінде.

Сұхбат Украинаның Кривой Рог қаласында түсірілген, ол қалада биыл 4 сәуірде Ресейдің шабуылынан 20 адам қаза тапты, арасында 9 бала бар. Сұхбат жазылғаннан кейін, жексенбі, 13 сәуір күні, Ресейдің зымыран шабуылынан Сумы қаласында 34 адам қаза тапты. Биылғы жыл басынан бері бейбіт тұрғындар арасында ең көп адам өліміне себеп болған шабуылдар АҚШ соғысты тоқтату жөніндегі ұсынысы Украина тарапынан қолдау тауып отырған шақта жасалды.

Бірқатар БАҚ Зеленский бұған қоса, Ресеймен соғыс болып жатқан үш жылда 100 мыңдай украиналық сарбаз қаза тапқанын мәлімдеді деп хабарлады. Алайда бұл Зеленскийдің тікелей сөзі емес, CBS телеарнасының бағалауы. Телеарна сондай-ақ Ресейдің кең көлемді басқыншылығы басталғаннан кейін 13 мыңдай бейбіт тұрғын қаза тапқан, оның ішінде 600-ге жуығы бала деп хабарлады. Бұл мәліметтерді БҰҰ да растаған. Сарапшылардың бағалауы бойынша, қаза тапқандар саны бұдан да көп болуы мүмкін.