Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига Киев пен Мәскеудің ресми өкілдері 15-16 сәуірде Анкарада Қара теңіздегі қауіпсіздік мәселелері бойынша кездесу өткізбек деген ақпаратты жоққа шығарды. Украиналық ТСН телеарнасы Сибиганың "ондай кездесу жоспарланған жоқ" деген сөзіне сілтеме жасады.
Ресей мен Украина Қара теңіздегі қауіпсіздікті талқылайтын кездесу өткізуі мүмкін деген ақпаратты бұған дейін CNN Turk телеарнасы Түркия қорғаныс министрлігіндегі дереккөздеріне сүйеніп хабарлаған. Кейінірек министрлік Анкарада өтетін кездесуге "шетелдік мемлекеттердің әскери өкілдері қатысатынын, Қара теңізде бейбітшілікті сақтау үшін әскери жоспарлау мәселелері талқыланатынын" айтқан.
Ресей мен Түркия сыртқы істер министрлері Сергей Лавров пен Хакан Фидан өткен сенбіде Анталиядағы дипломатиялық форумда Қара теңіздегі кеме қозғалысы мәселелерін талқылаған еді. 2022 жылдың шілде айында Стамбұлда Ресей мен Украина әрқайсы жеке-жеке БҰҰ-мен астық келісімін жасасқан. 2023 жылдың шілде айында Ресей Батыс елдері келісім шарттарын орындамады деп, "астық келісімінен" шығып кеткен.
Биыл наурыздың аяғында Ресей билігі Қара теңіздегі атысты "Ресей ауылшаруашылық банкіне", ресейлік азық-түлік пен тыңайтқыш өндірушілері мен экспорттаушыларына қарсы салынған санкциялар алынып тасталғаннан кейін ғана тоқтатынын мәлімдеген еді. Украина президенті Владимир Зеленский Мәскеудің бұл мәлімдемелерін манипуляция деп атаған.