Украина президенті Еуроодақ лидерлерін 9 мамырда Киевке келуге шақырды

Украина астанасындағы "Отан-Ана" монументі.

Украина президенті Владимир Зеленский Еуроодақ лидерлерін биыл 9 мамырда Киевке келіп қайтуға шақырды. Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига дүйсенбі, 14 сәуірде Люксембургтегі кездесуде Еуроодақ елдерінің сыртқы істер министрлеріне жеткізген ресми шақыруда оның мақсаты – "Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропадағы ең ірі агрессияға қарсы бірлік пен табандылықты паш ету" деп көрсетілген. Бұл туралы Politico хабарлады. Басылым дәл сол күні, 9 мамырда, Ресей астанасында нацизмге қарсы соғыстағы жеңістің 80 жылдығына арналған парад өтпекші екенін, оған әлемнің көптеген елдерінің басшылары шақырылғанын жазған.

Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылық соғыс бастағаннан кейін Киев Жеңіс күні мерекесін 8 мамырға ауыстырған. Еуропада көптеген ел Жеңіс мерекесін осы күні атап өтеді. Ал 9 мамырды Жеңіс күні ретінде мерекелеу – Совет одағынан қалған дәстүр. Қазір Ресей және онымен бірге бұрын Совет одағы құрамында болған елдердің көпшілігі, соның ішінде Қазақстан да Жеңіс мейрамын 9 мамырда атап өтеді.

Қазір Украинада 9 мамыр ресми түрде Еуропа күні ретінде мерекеленеді. Бұған дейінгі жылдары дәл осы күні Киевке Еуроодақ басшылары барған, мысалы, Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен де Украина астанасында болған.

Биыл Мәскеуде 9 мамыр күні өтетін парадқа бірқатар мемлекеттердің басшылары қатыспақ. Олардың арасында Ресейдің Украинаға қарсы соғысына бейтараптығын танытқан Қытай, Үндістан, Бразилия, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше бірқатар елдердің (арасында Қазақстан да бар), сонымен бірге Еуроодақ құрамындағы Словакия мен Еуроодаққа кандидат ел Сербияның ресми өкілдері Мәскеуге бармақшы. Еуроодақ басшылығында Мәскеудегі парадқа еуропалық елдерден басшы тұлғалардың қатысқанына қарсы болып отырғандар бар. Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас мәлімдеме жасап, Еуроодақта Мәскеудегі шараға қатысатын, әсіресе кандидат елдердің басшыларының қылығын құп көрмейтінін ескертті. Каллас еуропалық лидерлерді Мәскеуге емес, Киевке баруға шақырды.

Калластың мәлімдемесі Ресей мемлекеттік думасының төрағасы Вячеслав Володиннің шамына тиді. Telegram әлеуметтік желісінде "Калласты лауазымынан босатып, БҰҰ-ның халықаралық трибуналына беру керек" деп жазған Володин Калласты Германияға қарсы соғысқан совет жауынгерлерінің "аруағын қорлады" деп айыптады.

  • 15 сәуірде президент Владимир Зеленский Украина Жоғарғы Радасына елдегі әскери жағдай мен мобилизацияны 9 мамырдан бастап тағы 90 күнге ұзарту туралы заң жобасын ұсынғаны белгілі болды.