Украина әскері тұтқындаған қытайлар өздерін алдап соғысқа салғанын айтты

Ресей әскерін зеңбіректен атып жатқан украин жауынгері. Донецк маңыдағы майдан шебі, Украина, 6 сәуір, 2025 жыл.

Ресей жағында соғысқа қатысып, Украина әскерінің қолына түсіп қалған Қытайдың екі азаматы Киевте баспасөз мәслихатын өткізіп, соғысқа алданып барғанын айтты.

Қытай азаматы Ван Гуанцзюнь адам іріктеумен айналысатын ресейлік маман оған жаралы жандарға жәрдем көрсететін реабилитолог боласың деген соң келіскенін, бірақ Ресейге барысымен өзін бірден армияға жібергенін айтты.

Оның отандасы Чжан Ренбо болса, әуелде Ресейге турист ретінде барған, кейін жұмыс істеп ақша табуды ұйғарғанын айтты. Ол құрылысшы болу туралы ұсынысты қабыл алғанын, бірақ кейін жағдай "тез өзгеріп, ары қарай өз еркіне өзі ие болудан қалғанын" мәлімдеді.

Екі тұтқын да Қытай билігімен байланысы жоғын айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей қытай азаматтарын Украинадағы соғысқа қалай тартып жатыр?

Өткен аптада Украина президенті Владимир Зеленский украин әскери күштері Ресей жағында соғысып жүрген Қытай азаматтарын қолға түсіргенін хабарлаған еді. Киев оларды айырбастау мәселесін қарастыруға дайын, бірақ тек Ресейдің тұтқынындағы украин азаматтарына айырбастайды деген ол.

Қытайдың сыртқы істер министрлігі Пекин өз азаматтарын Украинадағы соғысқа жібермегенін мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Reuters: қытай офицерлері Пекиннің мақұлдауымен Ресей әскерінің тылында болған
  • 8 сәуірде Украина президенті Владимир Зеленский Украина әскері Донецк облысында Ресей әскерінің құрамында соғысқа қатысқан екі Қытай азаматын тұтқындағанын хабарлады. Кейінірек ол Украинаның арнаулы қызметтеріне мәлім ақпарат бойынша, Ресей армиясы қатарында кемінде 155 Қытай азаматы соғысып жүр деп мәлімдеді.
  • Қытай өз әскери қызметкерлерін Украинаға Ресей жағында соғысуға жібермегенін мәлімдеді.
  • 2023 жылы Үндістанның ондаған азаматы Ресей әскері қатарында Украинаға қарсы соғысқаны туралы ақпарат тараған. Олардың көбі өздерін адам іріктеумен айналысатын рекрутерлер Ресейде бейбіт кәсіп бойынша жұмыс ұсынып, бірақ Ресейге жеткен соң армиямен келісімшарт жасауға мәжбүрлегенін айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Үндістан азаматтары Ресейде өздерін Украинаға қарсы соғысуға мәжбүрлеп жатқанын хабарлады