Тарифті тоқтату туралы шешім қабылдағаннан кейін АҚШ биржаларында акциялар шарықтады

Президент Трамп Қытайдан басқа АҚШ-тың көптеген сауда әріптестеріне импорттық тарифтерді уақытша тоқтатты.

Бейсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ-тың көптеген сауда әріптестеріне енгізген импорттық баж салығын 90 күнге тоқтататынын хабарлады. Ал Қытайдан келетін тауарларға салынатын баж салығы керісінше 104-тен 125 пайызға дейін көтерілді.

Бірнеше күн бұрын президент Трамп пен оның экономика жөніндегі кеңесшілері импорттық баж салығы ұзақ уақытқа енгізілетінін және ол Дональд Трамптың экономикалық саясатының маңызды құралы екенін айтқан.

Тарифтердің уақытша тоқтатылатыны туралы хабардан кейін Нью-Йорк қор биржасында акциялардың бағасы шарықтады. S&P қор индексі бір күнде 9 пайызға артып, осылайша 2008 жылғы қаржы дағдарысынан бергі ең үздік көрсеткішті көрсетті. Dow Jones индексі күн соңында 7,8% артты.

Тариф енгізілетіні жайлы хабар тарағалы бері акциялары арзандап келе жатқан Уолл-стриттегі акциялардың құны өткен аптада - Ақ үй тарифтерді ресми бекіткеннен кейін құлдилаған еді. Бес күн ішінде негізгі биржа индекстері 10 пайызға арзандады. Кейбір жетекші қаржылық сарапшылар АҚШ-тың биылғы жылғы оң экономикалық көрсеткіштерін теріске айналдырып, рецессия ықтималдығы жөнінде ескерткен болатын.

Президент Трамптың экономика жөніндегі кеңесшілері бұл қадам АҚШ-тың көптеген сауда әріптестерімен баж салығын төмендету бойынша келіссөзде көмектесуі мүмкін деп санайды.

Ал Қытайдан келетін тауарларға жаңа импорттық баж салығы сол күйінде қалмақ. Президент Трамп Қытай төрағасы Си Цзиньпиннен қоңырау күтетінін және онымен келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.