Reuters: қытай офицерлері Пекиннің мақұлдауымен Ресей әскерінің тылында болған

Қытай офицерлері соғыс тактикасын зерттеу үшін Пекиннің мақұлдауымен Ресей әскерінің тылында болды. Американың екі шенеунігі мен батыс елдеріндегі барлау қызметінің бұрынғы қызметкеріне сүйенген Reuters осылай деп жазды.

Агенттік дереккөзінің айтуынша, Ресей әскерінде Қытайдың шамамен 200 азаматы соғысып жүр. Олардың Қытай үкіметіне тіке қатысы жоқ тәрізді.

Америка шенеуніктерінің Reuters агенттігіне айтуынша, Қытай әскери қызметкерлерінің әскери дайындығы аз және Ресейдің әскери операциясына едәуір ықпалы жоқ.

  • 8 сәуірде Украина президенті Владимир Зеленский украин әскері Донецк облысында Ресей әскері жағында соғысып жүрген екі қытай азаматын тұтқындағанын айтқан. Кейін ол украин арнайы қызметінде Ресей әскері жағында кемінде 155 қытай азаматы соғысып жүргені жөнінде дерек бар деп мәлімдеген. Қытай өз әскерін Украинадағы соғысқа жібермегенін мәлімдеген.