Қытай АҚШ-тың сауда соғысын өз мақсатына пайдаланып жатыр ма?

Қытай төрағасы Си Цзиньпин (сол жақта) мен Вьетнам коммунистік партиясының бас хатшысы То Лам Ханойдағы президент сарайында. 14 cәуір, 2025 жыл.

АҚШ-пен арадағы сауда тайталасынан пайда көріп қалуды ойлаған Қытай басшысы Син Цзиньпин экспортқа ерекше тәуелді аймақ – Оңтүстік-шығыс Азия елдеріне ұзақ сапарын Вьетнамнан бастап, мұнда көпжақты сауданы қолдауға шақырды.

Алдымен Вьетнамда мемлекеттік сапармен екі күн аялдайтын Син Цзиньпин бұдан соң Малайзия мен Камбоджаға барады, бұл арқылы ол бүкіл әлем елдеріне үлкен баж салығын енгізіп, артынан оны уақытша тоқтататынын жариялап, әлемдік нарықта дүрбелең тудырған АҚШ-пен салыстырғанда өзін салмақты серіктес ретінде дәріптеуге тырысатын сыңайлы.

Сапарының алдында Вьетнамның мемлекеттік басылымында жарияланған мақаласында Си Цзиньпин АҚШ-тың атын атамағанымен, "Сауда және тариф соғысында жеңімпаз жоқ, ал протекционизм еш опа бермейді" деп ескертті.

Қытай басшысы Шығыс Азиядағы серіктестік және Ланьцанцзян-Меконг серіктестігі сияқты аймақтық бастамалар көмегімен алыс-берісті үйлестіріп, нығайта түсуге үндеді. Ол бұл бастамаларды "хаос жайлаған өзара матасқан әлемге көбірек тұрақтылық пен позитив энергия әкелетін" аса қажет жобалар деп атады.

Пекин мен Ханой 45 келісімге қол қойды, бірақ құжаттардың бәрінің мазмұны жарияланған жоқ. Си Цзиньпин Қытай мен Вьетнамды жалғап жатқан, құны 8 миллиард доллар болатын жаңа теміржолдың ашылу салтанатына қатысады. Бұл – Қытайдың инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жаһандық бастамасы – "Бір белдеу – бір жол" аясында салынған құрылыс.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытайдан ағылған көлік. Орталық Азия нарығын электромобильдер қалай жаулап жатыр?

Бұл сапар АҚШ әлем елдеріне баж салығын енгізетінін жариялардан бұрын жоспарланғаны рас. Дегенмен АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай тауарларына 145 пайыз баж салығын енгізіп, Пекин оған 125 пайыз баж салығымен қарымта қайтарып, сауда соғысы басталған тұста бұл Қытайдың кең қанат жаю жоспарының бір бөлігіне айналды.

АҚШ Вьетнам мен Камбоджаға тиісінше 46 және 49 пайыз баж салығын енгізіп, артынан оны 90 күнге тоқтатып қойды. Ал бұл екі ел де Қытай мен АҚШ-пен теңдей сауда жасайды және бұл екі ел олардың басты экономикалық серіктесі саналады.

Қытай тариф дүрбелеңін пайдаланып Еуропаға да жылыстап ену жолын қарап жатыр. 11 сәуірде Си Цзиньпин Пекинде Испания премьер-министрі Педро Санчесті қабылдап тұрып: "Қытай мен Еуропа одағы біржақты қорқыту актілеріне бірлесіп қарсы тұруы керек" деп салды.

Дәл сол сияқты Қытай премьер-министрі Ли Цян өткен аптада Еуропа комиссиясының төрағасы Урсула фон дер Ляйенмен кездесіп, "күшті, еркін, әділ әрі тең шарттарға негізделген сауда жүйесін" құру керегін айтқан.

"Американың баж салығы нағыз экзистенциал мәселе ретінде қарастырылды. Қарымта баж бойынша пауза алғанымызбен, алда олар қайта енгізіледі деген қауіп әлі де күшті болып тұр", – деді Еуропа саясатын зерттеу орталығының (СЕРА) сарапшысы Кейтлин Гарман.

"Қысқамерзімді және ұзақмерзімді сценарийлерді қарастыруға болады, оның екеуінде де саяси шешімдерді Америка Құрама Штаттарымен конфронтацияға барып, сауда соғысы ушығуы мүмкін деген тұрғыдан қарастыру керек", – деді ол.

ОҢТҮСТІК-ШЫҒЫС АЗИЯДАҒЫ ҚЫТАЙ МЕН АҚШ КҮРЕСІ

Трамп мақсаты – АҚШ-ты сауда дефицитінен біржола құтқарып, соның арқасында өндірушілерді Америкаға қайтару, сол арқылы жұмыс орындарын ашып, ел ақшасының Қытайға ағылуын тоқтату дейді.

Алайда Вашингтон үшін тариф әлемнің көп елімен қарым-қатынасын қайта құру мақсатында келіссөз бастаудың құралы іспетті.

Қазіргі мәлімет бойынша, қазір 70-ке тарта ел Вашингтонмен баж салығын азайту бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Ал АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент өткен аптада олар "Қытайды АҚШ-пен бір топта қарастыруы керек" деді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп АҚШ-қа 185 елден баратын тауарларға баж салығын енгізді, тізімде Қазақстан да бар

Десе де Азияның көп елі баж салығының күрт өсуіне қарсы күресіп, 90 күндік үзіліс біткен соң тариф қайта енгізілген жағдайда не істейміз деп жанталасып жатыр.

Міне дәл осы жағдай Пекин Оңтүстік-Шығыс Азиядағы стратегиялық көршілерімен қарым-қатынаста позициясын нығайтып алғысы келеді.

Вьетнам да, аймақтың басқа елдері де АҚШ пен Қытай арасында бір жаққа басымдық беріп қоймауға тырысып келеді. Оңтүстік-шығыс Азия үшін Вашингтон маңызды экспорт нарығы әрі даулы Оңтүстік Қытай теңізінде тым өктем әрекет ететін Қытайға қарсы күш бола алатын қауіпсіздік жөніндегі серіктесі.

Дегенмен аймақтың саудасы Қытаймен тығыз байланысып жатыр. Қытай кеденінің былтырғы мәліметі бойынша Оңтүстік-шығыс Азия елдері қауымдастығы елдері – Қытай экспортын ең көп қабылдайтын аймақ қатарына кірген.

Вьетнам Трамп әкімшілігімен сауда қатынасы бойынша келіссөз жүргізіп жатыр, тіпті ел премьер-министрінің орынбасары Хо Дык Фокты Вашингтонға жіберді, ол болса Америка тауарларын, соның ішінде қорғаныс жүйесін, көбірек сатып алуға уәде етті. Себебі бұл ел АҚШ 46 пайыз тарифті қайта енгізіп қала ма деп қауіптенеді.

АҚШ-қа экспорт Вьетнамның ішкі жалпы өнімінің 30 пайызына тең. Әрі Вашингтон Пекинге енгізген тарифтерді айналып өту үшін Қытайдағы көп компания Вьетнамға қоныс аударып, соңғы жылдары қарқынды дамып жатқан.

ДИПЛОМАТИЯ ЖОЛДАРЫ

Пекин АҚШ енгізген тарифтердің дипломатиялық игілігін көріп қалу үшін әбжіл қимылдай бастады.

Өткен апта Қытай Малайзия, Сауд Арабиясы және Оңтүстік Африкамен видеобайланысқа шықты. Бұған қоса Си Цзиньпин 13 сәуірде Индонезия президенті Прабово Субиантомен телефонмен сөйлесіп, ол елмен де стратегиялық әріптестікті нығайтынын мәлімдеді.

Брюссель шілдеде Еуроодақ-Қытай саммитін өткізетінін хабарлады. Ал өткен аптада Еуроодақ 2024 жылы өздері баж салығын енгізген Қытайдың электр көліктері импортына қатысты дауды реттеу үшін келіссөз бастайтынын айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Өзбекстанға қытай инвестициясы артты. Қауіп бар ма?

Испания премьер-министрі Санчестің Пекинге сапары да көп әңгімеге арқау болды, себебі ол АҚШ-пен арадағы жаңа жағдайға бейімделуге тырысып жатқан Қытаймен қарым-қатынасты қайта қарауға шақырды. АҚШ қаржы министрі Бессент бұл пікірге кейіс білдіріп, ол Пекинмен қарым-қатынас орнату өзінің "кеңірдегін кескенмен тең" деді.

Ресейдің Украинаға шабуылына Пекин қолдау білдірген сәтте оның Еуропамен арасы қатты бұзылғанын ескерген сарапшылар Брюссель мен Пекин арасы жақындап кетуі екіталай деп болжайды.

Дегенмен Трамптың тарифпен қорқытуы және Украинадағы соғысты тоқтатуға қатысты келіспеушіліктер де Еуропа өкіметтерін сыртқы саясаттарын жағдайға икемдеп, Азиядағы "ниеттес" Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея, және Еуропадағы Норвегия, Ұлыбритания сияқты елдермен жақынырақ сауда әріптестігін қалыптастыруға итермелеп жатқандай.

"Еуропа ниеттес елдер арқылы сауданы насихаттауға барынша күш салады. Еуропа одағы аса белсенді сауда саясатын ұстанып, жаңа сауда келісімдерін жасасуға әрекеттенеді", – деді Еуропарламенттің бұрынғы депутаты Рейнхард Бутикофер.