Санкт-Петербургте Борис Ельцин атындағы президент кітапханасында Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стивен Уиткофф кездесті. Кездесу шамамен 4,5 сағатқа созылды.
Хаттамалық түсірілімнен кейін Путин мен Уиткофф жабық форматтағы келіссөзге кетті. Кремльдің өкілі Дмитрий Песков келіссөздің тақырыбы Украина болуы мүмкін екенін жеткізген. Песковтің сөзінше, кездесуден кейін Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп телефон арқылы сөйлесуі мүмкін. Телефон әңгіменің болғаны-болмағаны әзірге белгісіз.
Ақ үйдің өкілі Каролин Ливитт брифинг кезінде Уиткоффтың Ресейге сапарын – бейбітшілік жолындағы тағы бір қадамдардың бірі деп атады.
Трамп АҚШ президенті қызметіне отырғалы бері Путин мен Уиткофф осымен үшінші рет кездесіп отыр.
Путинмен кездесу алдында Уиткофф Ресей президентінің шет мемлекеттермен әріптестік жөніндегі өкілі Кирилл Дмитриевпен келіссөз өткізген. АҚШ пен Ресей президенттерінің өкілдері кейінгі бірнеше күнде осымен екінші рет кездесіп отыр. Алғашқы кездесу Вашингтонда өткен.
Дмитриевпен бірінші кездесуден соң Reuters дереккөздерінің айтуынша, Уиткофф Трампқа бейбітшілікке жылдам жетудің жолы – Ресейге Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарын бақылауды беруді қарастыратын стратегияны қолдау деп айтқан.
Ал Трамптың Украинадағы арнайы өкілі Кит Келлог Уиткоффты қолдамаған деп айтылады. Келлогг Трампқа «Украина бұл аумақтарға қатысты кейбір шарттар бойынша келіссөзге дайын болғанымен, бұл аймақтарды толық бақылауды Ресейге біржақты түрде беруге ешқашан келіспейтінін» айтқан.
Агенттіктің жазуынша, Трамп әкімшілігінің өкілдері әлі де бейбітшілік келісімнің шарттары бойынша ортақ мәмілеге келе алмай отыр.