"Арман" қанатында: Орталық Азия басшыларының сәнді ұшақтары

Boeing 787-800 Dreamliner. Көрнекі сурет.

Душанбеде президент мінетін Boeing 787-800 Dreamliner ұшағына арналған ангар тұрғызылды. Құрылысқа қанша ақша кеткені құпия. Бұл ұшақтың қалай сатып алынғаны да айтылмайды. Тәжікстан мұндай ақпаратты жасырын ұстайтын жалғыз ел емес.

Тәжікстан үкіметінің қаулысына сәйкес, Душанбе халықаралық әуежайындағы ангарды мемлекеттік комиссия қабылдап алуы қажет. Комиссия құрамына қорғаныс министрлігінің, архитектура комитетінің, мемлекеттік мүлік комитетінің және өзге де мекемелердің өкілдері кірген.

Эмомали Рахмонның ұшағы Орталық Азия басшылары мінетін лайнерлерден қалыспайды.

Бірақ бірде-бір құжатта ангар құрылысына қанша ақша кеткені айтылмаған. Билік президенттің жаңа ұшағы қалай сатып алғанын да жариялаған емес.

Бұрын Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон "Сомон Эйр" жекеменшік әуе компаниясының ұшағын мінетін. Бірақ 2023 жылы тәжік билігі 92 млн долларға Dreamliner (ағылшын тілінен "арман ұшағы" деп аударылады) ұшағын сатып алғаны мәлім болды. Бұл ақпаратты Мексика президентінің твиті әшкере етті. Ұшаққа соған дейін осы елдің үкіметі иелік еткен.

Тәжікстанда мұндай сәнді ұшақ сатып алынғаны қызу талқыға түсті. Оның үстіне билік дәл осы кездері халықты үнемділікке үндеп, салтанатты тойлардан бас тартуға шақырып жүрген.

Dreamliner-дің бұрынғы иелері ұшақты қандай себеппен сатқаны да наразылықты қоздыра түсті. Мексиканың бұрынғы президенті Пенья Ньето бұл ұшақтан бірнеше жыл бойы құтылуға тырысқан, өйткені оны ұстап тұруға мемлекет қазынасынан қыруар қаражат кеткен.

Елдің жаңа президенті Лопес Обрадор бұл ұшақты пайдаланбайтынын, оған міну даңғазалық екенін, ұшақты сатудан түскен ақшаны аурухана салуға жұмсайтынын айтты.

Мексика президенті Лопес Обрадор Boeing 787 Dreamliner ұшағын мінуден бас тартқан.

Азаттық радиосы Тәжік қызметінің есептеуінше, Dreamliner үшін төленген 92 млн долларға Тәжікстанда 30 аурухана, 2 мың шақырым жол, 333 спорт кешенін салуға, тұрмысы төмен жарты миллион адамға жәрдемақы беруге болар еді.

Бірақ оның орнына ел билігі президентке арнап ұшақ сатып алған, ол ұшақ үшін ангар соққан.

Эмомали Рахмонның лайнері Орталық Азия басшылары мінетін ұшақтардан қалыспайды.

Өзбекстан: Dreamliner және олигарх ұсынған ұшақ

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев VIP конфигурациясы бар Boeing 787-8 Dreamliner ұшағын мінеді. Эмомали Рахмондікі осы ұшақ. Мұхит асатын бұл ұшақты Өзбекстан басшысы 2019 жылдан бері пайдаланып келеді.

Мирзияев оған дейін Airbus A340 ұшағымен сапарлап жүрген. Бұл ұшақ олигарх Әлішер Османовтің меншігінде болған. 2017 жылы журналистер Өзбекстан президенті ТМД саммитіне және БҰҰ Бас ассамблеясының жиынына осы лайнермен ұшқанын анықтаған. "Өзбекстан әуе жолдары" компаниясы бұл ұшақты жалға алғанын мәлімдеді. Жалдау құны қанша екенін айтпады.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев VIP стандарты бойынша жабдықталған Boeing 787-8 ұшағын пайдаланады.

Олигарх меншігіндегі А340 – әлемдегі ең қымбат жеке ұшақтардың бірі. Бағасы – шамамен 350 млн доллар. Ұшақты Османовтың әкесінің құрметіне "Бурхан" деп атаған. Лайнер Ташкент, Мәскеу және Ницца радарларынан көрініп, көптеген сұрақ тудырған.

Тәуелсіз елдің басшысы не себепті ресейлік миллиардердің ұшағын мінгені түсініксіз күйі қалды.

Қазақстан: Назарбаев мұрасы және жаңа режимнің "қанаттары"

Қазақстандағы №1 әуе паркі ұзақ жылдар Нұрсұлтан Назарбаевқа қызмет етті. Бағасы шамамен 300 млн доллар болатын Airbus A330-243 Prestige ұшағын мінуді бастаған сол болатын. Бұл лайнер 13 мың шақырымға дейін тоқтаусыз ұша алады. Іші VIP стандарты бойынша жабдықталған.

2022 жылы тергеуші журналистер зерттеу жүргізіп, құрылтайшысы болып экс-президенттің өзі тіркелген "Нұрсұлтан Назарбаев қоры" швейцариялық әуе компаниядан 100 млн доллардан астам қаржыға Airbus ACJ320neo ұшағын сатып алып, оны Қазақстанға импорттағанын әшкере етті. Зерттеуде ұшақты Назарбаевтың өзі пайдаланатыны жазылған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Airbus A321 ұшағы Мәскеу әуежайына қонған сәт. 2019 жыл.

Қазір бұл ұшақ Berkut Air мемлекеттік компаниясының меншігінде. Компания Қазақстан президентінің іс басқармасына қарайды.

Елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев басында 2013 жылғы Airbus A321-211 ұшағын мінген. Бұл – салыстырмалы түрде қарапайым ұшақ. Бірақ 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев Назарбаев мінген Airbus A321 ұшағына отырды.

Қырғызстан: Ту-154 пен Airbus A320 арасы

Қырғызстан – Орталық Азияда президенттің флоты ең қарапайым ел саналған. 2024 жылға дейін Садыр Жапаров Ресей сыйлаған 1993 жылғы Ту-154M ұшағын мінген. Былтыр наурызда Бішкек президент ұшатын Airbus A320 таныстырды. Жақын және орта қашықтыққа ұшатын бұл кеме 2002 жылы шығарылған. Бұл бюджет есебінен сатып алынған алғашқы президент ұшағы атанды.

Садыр Жапаровтың ұшағы ұлттық нақышта безендірілген.

Журналистер Жапаров бұл ұшақты сатып алу туралы шешім жарияланғанға дейін-ақ пайдалана бастағанын анықтаған. Президент баспасөз қызметі мұны жоққа шығарды. Бірақ мұнда да кеменің құны айтылмады.

Түркіменстан: бір емес бірнеше ұшақ

Сердар Бердімұхамедов әкесі Гурбангулы Бердімұхамедовтен президенттік билікпен қатар президенттік әуе паркін де мұраға алды. Түркіменстан басшысының негізгі ұшағы – түркімен туына ұқсатып безендірілген Boeing 777-200LR ұшағы.

Бұл – ұзаққа ұшатын ең қуатты, әрі қымбат лайнерлердің бірі. VIP модификациясы 300 млн доллардан асып қалады. Лайнер 17 мың шақырымға дейін тоқтаусыз ұша алады. Ішінде жатын және жуыну бөлмесі, конференц-зал бар. Іші алтын жалатылған.

Түркіменстан президенті флотындағы Boeing 737 ұшағы.

Бұл президент мінетін жалғыз борт емес. Түркіменстан президенті флотында тағы екі Boeing 737 лайнері бар. Ұшақ – түркімен лидерінің культі үшін маңызды элемент. Гурбангулы Бердімұхамедов президент кезінде "боинг" бортына оның портретін жиі ілетін. Ал мемлекеттік арналар басшының ұшақ баспалдағында тұрған бейнесін пропаганда мақсатында пайдаланатын. Елге қонақ келсе, ұшақтың түбінен бастап театрландырылған қойылым басталатын.

Авторитарлы өзге елдер секілді Түркіменстан да бұл ұшақтарды қандай қаржыға алғанын, оларды ұстап тұруға қанша ақша кететінін айтпайды. Бірақ Ашғабат президент лайнерлерін ұшақ өндірушінің өзінен тікелей алатыны белгілі.