Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін саяси тұтқындарды босатуға шақырды

Саяси тұтқындарды босатуды талап етіп тұрған азаматтар. 2022 жыл.

Швецияда орналасқан Civil Rights Defenders ұйымы, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық әріптестік (IPHR), Араминта, Freedom Now, норвегиялық Хельсинки комитеті, People in Need, Адам құқықтарының халықаралық федерациясы (FIDH) және Дүниежүзілік азаптауға қарсы комитет (OMCT) 10 сәуірде мәлімдеме жариялап, Орталық Азия елдерінің басшыларын 4 сәуірде Самарқандағы саммитте адам құқығын қорғау бойынша берген уәделерін орындауға шақырды. Орталық Азия елдерінің басшылары қол қойған ортақ мәлімдемеде өзге жайттардан бөлек, олардың сөз бостандығын қорғау, азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ-қа жағдай жасау, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау міндетін алатыны жазылған.

Құқық қорғау ұйымдары бейсенбі күнгі мәлімдемесінде Орталық Азия басшыларын, оның ішінде Қазақстан билігін де негізсіз сотталған барлық журналист мен блогерді, адвокат мен құқық қорғаушыларды, азаматтық белсенділер мен сыншыларды түрмеден босатуға шықырып, адам құқығы бойынша алған міндеттемелерге қайшы келетін заңнама баптарын алып тастауға үндеді.

Мәлімдеме авторлары президент Қасым-Жомарт Тоқаевты атап айтқанда "саяси тұтқындар" белсенді, журналист Әйгерім Тілеужанова, оппозиция жетекшісі Марат Жыланбаев, блоггер-сатирик Темірлан Еңсебек, еңбек құқығын қорғаушы белсенді Ержан Елшібаевты босатуға үндеген және саяси себеппен қамауда отырған өзге азаматтарды да қамаудан шығаруға шақырған.

"Бұл тұлғалар өздерінің азаматтық және саяси құқықтарын жүзеге асырғаны үшін қудаланды деп санаймыз және билік оларға тағылған айыптарды растайтын сенімді дәлелдер келтірген жоқ деп есептейміз. Қазақстан билігі "экстремистік әрекетке қатысу", "алауыздықты тудыру" және "жалған ақпарат тарату" үшін жазалауды қарастыратын Қылмыстық кодекстің бұлыңғыр жазылған нормаларын қайта қарауы керек. Бұл баптар билік сыншыларын қудалау үшін жиі пайдаланылады және олардың арасында жоғарыда аталған тұлғалар да бар.

Мәлімдеме авторлары сонымен бірге Қазақстан билігін "шетел агенті туралы" заң жобасын қабылдамауға, ЛГБТ өкілдеріне жария түрде тиісе бермеуге үндеді. Шетелден грант алып істеп жатқан үкіметтік емес ұйымдарды да қудалауды доғаруға шақырды.

Құқық қорғау ұйымдарының мәлімдемесінде 4 сәуірде Самарқанда қабылданған құжаттың 16-тармағынан да үзінді келтіріледі.

"ЕО және Орталық Азия басшылары заң үстемдігін, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды ілгерілету және қорғау ортақ құндылық болып табылатынын растады. Пікір айту мен бірігу еркіндігін қамтамасыз ету, азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ үшін қолайлы орта жасау, құқық қорғаушыларды қорғау, сонымен бірге әйел мен бала құқығын, еңбек құқығын сақтау ЕО және Орталық Азия қарым-қатынасының негізі болып қалады" деп жазылған құжатта.

Қазақстан елдегі адам құқығы ахуалына қатысты жиі сыналады. Биыл қаңтарда Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары кеңесінде Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалы талқыға түскен еді. БҰҰ-ға мүше елдер Қазақстанды сөз бостандығын қолдап, БАҚ, блогер, журналистердің құқығын қорғауға кепілдік беруге шақырған. Бұған қоса, Қазақстанды Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптау, өзге де дөрекі қарым-қатынас түрлерін зерттеуге және кінәлілерді жауапқа тартуға үндеген. Ал әмбебап периодикалық шолу кезінде кезек-кезек сөйлеген әр ел өкілдері Қазақстанда өлім жазасы жойылғанын, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жаза қатайтылғанын, Конституциялық сот құрылғанын оң бағалаған. Ал елдегі Қаңтар оқиғасын тергеу, қамауға алынғандарды азаптау, азаматтардың саяси көзқарасын еркін білдіру мәселелеріне қатысты ішінара сын айтқан.

Қазақстан билігі елде саяси қудалау барын мойындамайды және саяси тұтқын жоғын да айтады.

3-4 сәуірде Самарқанда өткен ЕО-Орталық Азия саммитіне Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен мен Еуропа кеңесінің басшысы Антониу Кошта, Орталық Азия басшылары: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов қатысқан.

Бұл – "Еуропа+Орталық Азия" форматында өткен алғашқы саммит. Бұған дейін мұндай форматтағы саммит АҚШ, Қытай, Ресеймен болған.