Батыс елдері Украинаның Сумы қаласына Ресей күштері жасаған шабуылды айыптады

Ресей күштері атқан зымыран түскен жердің көрінісі. Украина, Сумы қаласы, 13 сәуір, 2025 жыл.

Батыс елдері Ресей армиясының 13 сәуірде Украинаның Сумы қаласының орталығына зымыранмен шабуыл жасағанын айыптады.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей күштерінің Сумыға шабуылын қателік деп атады. "Мен бұл сұмдық нәрсе деп ойлаймын, және маған олар қателік жасады деп айтты. Бұл сұмдық нәрсе деп есептеймін. Бүкіл осы соғыс – сұмдық деп санаймын", – деп мәлімдеген Трамп журналистер сұрағына берген жауабында.

Бұдан соң ол өзіне дейін АҚШ президенті болған Джо Байденді айыптаған. Трамп Ресей мен Украина арасында соғыстың басталуына Байден мен оның әкімшілігі кінәлі деп бұған дейін де мәлімдеген.

Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер Ресей күштерінің Сумыға жасаған шабуылын айыптап, оны "зұлымдық" деп атады. Мұндай шабуылдар "қантөгіс жалғасып жатқанын қатыгездікпен еске салып отыр", бұған негізгі кінәлі – Ресей, деді ол.

"Президент Зеленский бейбітшілікке бейіл екенін көрсетті, енді президент Путин, Украина жасағандай, ешқандай шартсыз атысты толық әрі дереу тоқтату туралы келісімге келгені жөн", – деген Страмердің сөзін келтірген ВВС медиасы.

Франция президенті Эммануэль Макрон да Ресейдің Сумы қаласына жасаған шабуылы "адам өміріне деген шектен асқан немқұрайлықты" көрсетеді деп мәлімдеді.

АҚШ-тың Украина және Ресей бойынша арнайы елшісі Кит Келлог та Ресейдің Сумыға жасаған шабуылын айыптады.

"Ресей әскерінің бүгінгі, Жеңісті жексенбі күні азаматтық нысандарға жасаған шабуылы әдептілік шегінен шығып кетті. Ондаған бейбіт тұрғын қаза тапты және жараланды. Бұрынғы әскери адам ретінде, нысана таңдау дегеннің не екенін жақсы білемін, ал бұл нысана таңдауы – дұрыс емес. Сондықтан президент Трамп осы соғысты тоқтатуға бар күш-жігерін салып жатыр", – деп жазды Келлог X әлеуметтік желісінде.

Ресей күштерінің Сумыға жасаған зымыран шабуылын АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да айыптап, қаза тапқан адамдардың туыс-жақындарына көңіл айтты.

Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас Сумыдағы қайғылы оқиғаны Украина жағы ешқандай шартсыз атысты тоқтатуға келісіп отырған шақта "шабуылдар күшейіп бара жатқанының жантүршігерлік мысалы" деп атады. Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен де осындай мәлімдеме жасады.

Украина тарапының кейінгі ақпараты бойынша, жексенбі күні Ресей қарулы күштерінің екі зымыран шабуылынан кемінде 34 адам (екеуі бала) қаза тауып, 115 адам жараланған. Зардап шеккендер арасында 15 бала бар. Қаланың орталығында жолаушылар отырған троллейбус зымыран шабуылына ұшыраған.