Ақмола облыстық соты Атбасар түрмесінде ондаған тұтқынды ұрып-соғып, азаптады деп айыпталған 12 қызметкерді ақтау туралы үкімнің күшін жойды. Бұл жөнінде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады.
"Азаптау бойынша ақтау үкімінің күші жойылды. Бірінші инстанцияға қайта жіберді. Тимур және өзге жәбірленушілерге жаңа сот талқылауында күш пен төзім тілейміз. Бұл психологиялық жағынан өте ауыр” деп жазды ол.
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі Атбасар ауданы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің 12 қызметкеріне қатысты сот үкімі жойылғанын растады.
Сот өкілдерінің айтуынша, қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері тұтқындарды азаптады деп айыпталған, алайда сот алқасы "қылмыс құрамы болмағандықтан" оларды ақтаған.
"Сот алқасы қатысқан отырыста талқыланбауы тиіс болған сұрақтар қаралды. Бұл олардың жәбірленушілер туралы қате байлам жасауына әсет етуі мүмкін. Оның үстіне бірқатар жәбірленушілерге сотта сөз сөйлеуге мүмкіндік жасалмады" деді облыстық сот өкілдері.
12 қызметкерге "Азаптау" бабы бойынша айып тағылған. Биыл ақпанда бірінші инстанциядағы сот түрме қызметкерлерін ақтаған. Құқық қорғаушылар мен белсенділер бұған наразы болған.
Жәбірленушілердің арасында "ұлтаралық араздық қоздырған" деген айыппен үш жылға сотталған азаматтық белсенді Тимур Дәнебаев та бар. Былтыр күзде Дәнебаев сотта куәлік беріп, түрме қызметкерлері оны қатты ұрып-соққаны соншалық, есінен танып қалғанын айтқан. Дәнебаевтың сөзінше, оны әжетханадағы еденді жууға мәжбүрлеген, бас тартқаннан кейін қатты соққыға жыққан. Оның айтуынша, оны әжетхананы жууға мәжбүрлеп, басын унитазға тыққан.
- 2023 жылғы қыркүйекте әлеуметтік желіде Атбасар қаласындағы колонияда отырған Тимур Дәнебаев пен басқа да сотталған адамдардың соққыға жығылғаны көрінетін видео тараған. Бұл оқиғаға байланысты түрменің 12 қызметкеріне айып тағылып, сот процесі 2024 жылғы шілдеде басталған.
- Айыпталушылар түрменің ішкі ережесіне сай, тәртіп сақтап, қарсылық көрсеткендерге арнайы құралдар қолдануға мәжбүр болғанын, заң бұзбағанын айтып, өздерін ақтауды сұраған.
- Тимур Дәнебаев әлеуметтік желіде 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) әскерін Қазақстанға шақырғаны үшін билікті сынаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты "Алматыға 20 мың бандит шабуылдады" деген сөзі үшін сотқа бермек болған. Кейін оған әлеуметтік желіде "ұлт араздығын қоздырды" деген айып тағылды. Бұған Өскемен қаласы тұрғынының арызы себеп болған. Сот Дәнебаев Ресейдің Украинамен соғысы тақырыбын сөз еткенде ұлт араздығын қоздыратын сөз айтқан деген ұйғарым жасады. 2023 жылы сот оны үш жылға соттаған. Құқық қорғау ұйымдары саяси сипаты болғандықтан, Қылмыстық кодекстен 174-бапты ("Ұлт араздығын қоздыру") алып тастауды талап етіп келеді. Халықаралық Open Dialog қорының мәлімдеуінше, "көп фактіге сәйкес, қылмыстық істі тергеу мен сот біржақты және айыптау сарынында өткен". Дәнебаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, апелляциялық шағым түсіргенімен, үкім күшінде қалған.