АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Мемлекеттік департаменттің бюджетін 50 пайызға қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы New York Times газетіне белгілі болған қызмет құжатында айтылған.
Ол жоспарға сәйкес, әсіресе БҰҰ мен НАТО-ны қаржыландыру ауқымды көлемде қысқаруы мүмкін. АҚШ халықаралық бітімгерлік операцияларына қаржылай қолдау көрсетуді толығымен доғарып, Мемлекеттік департамент қаржыландыратын мәдени алмасу мен білім беру бағдарламаларын тоқтатуы ықтимал. Бұған қоса гуманитарлық көмекке және денсаулық сақтау саласымен байланысты жобаларға, соның ішінде кедей елдерге дәрі-дәрмектер мен вакциналар сатып алуға бөлінетін қаражаттың да жартысы қысқаруы мүмкін. Мемлекеттік департаменттің биылғы бюджеті 54 миллиард доллардан 28 миллиард долларға дейін азайту жоспарланған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп жеті агенттікте қысқарту жүргізу туралы жарлыққа қол қойды. Арасында USAGM де барБасылымның Мемлекеттік департаменттегі дереккөздерінің түсіндіруінше, бұл жоспарлар Ақ үйдің барлық министрліктер мен мемлекеттік мекемелерге бюджетін ауқымды көлемде қысқарту жөнінде қойған талабына сәйкес әзірленген. Трамп әкімшілігі жақын арада Конгреске келесі жылға арналған мемлекеттік бюджет жобасын енгізеді, онда мемлекеттік шығыстарды айтарлықтай қысқарту көзделген деп жазды басылым.
Ақ үйдің бюджетке байланысты сұранысын Конгресс мақұлдауы керек, алайда конгрессмендер арасында халықаралық бағдарламаларға қаржы бөлуді күрт қысқартуға қарсылар көп. Бірнеше демократ сенатор Ақ үйдің ұсыныстарын сынға алып, қарсы шықты. "Еуропада соғыс болып жатқан кезде, құрлықтың қауіпсіздігіне төнген қатер артып тұрған шақта НАТО-ға қаржылай қолдау көрсетуді не себепті қысқартуымыз керек?" - деп мәлімдеді Сенаттың халықаралық қатынастар комитетінің жетекшісі, демократ Джин Шахин.
Сонымен қатар, Трамп әкімшілігі Мемлекеттік департаментте жедел халықаралық гуманитарлық көмек көрсететін арнаулы бөлім құруға деп 4 миллиард доллар сұрамақшы.