Дүйсенбі, 14 сәуір күні АҚШ Конгресі өкілдер палатасына демократтар енгізген заң жобасы Украинаны соғыстан кейін қалпына келтіруге қаржылай көмек көрсетуді, қару-жарақ пен әскери жабдықтар сатып алуға қаражат пен несие бөлуді, оған қоса Ресейге салынған санкциялар аясын кеңейтуді көздейді. Reuters ақпарат агенттігі өз дереккөздеріне сүйеніп осылай деп хабарлады.
"Украинаны қолдау актісі" деп аталатын заң жобасы Дональд Трамп әкімшілігі Ресейді атысты тоқтатуға көндіруге талпынып жатқан шақта Конгресте Украинаның болашағына алаңдаушылық артып келе жатқанын көрсетеді, деп жазды Reuters. Екі апта бұрын бәсекелес қос партияның сенаторлары Ресей соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерден бас тартқан жағдайда оған қарсы жаңа санкциялар салу туралы заң жобасын Сенатқа ұсынған еді.
Республикашыл партия басым дауысқа ие болып отырған Өкілдер палатасы "Украинаны қолдау актісін" қолдай ма, жоқ па, әзірге анық емес. Алайда заң жобасының демеушілері өз мақсаты Конгрестегі екі партияның Украинаға көмек көрсету туралы заң жобасын дайындауына түрткі болатын талқылауға ықпал ету екенін айтады. Олар өз ұсыныстары ең болмағанда болашақ заң жобасына енгізіледі деп үміт артып отыр.
Конгрестегі екі партияның да өкілдерінің көпшілігі Украинаға көмек көрсету идеясын қолдайды. Президент Трамп Мәскеу Киевпен келіссөз жүргізуден бас тартқан жағдайда Ресейге қарсы санкциялар мен баж салығын енгізетінін айтып сес көрсеткенмімен, Трамп әкімшілігі әзірге Кремльмен келіссөздер жүргізуге басымдық беріп отыр.