АҚШ білім министрлігі Гарвардқа бөлінген 2,2 млрд доллардың гранттарын тоқтатуды ұйғарды

Гарвард университетіндегі диплом тапсыру күні (архивтегі фото).

АҚШ білім министрлігі Гарвард университетіне бөлінген 2,2 миллиард доллардан астам соманың гранттары мен 60 миллион доллардың келісімшарттарын тоқтататынын мәлімдеді. Оқу орны Ақ үйдің антисемитизммен күреске бағытталған делінетін талаптарын орындаудан бас тартқаннан кейін білім министрлік осындай шешім қабылдаған.

"Антисемитизммен күрес жөніндегі біріккен мақсатты топ Гарвард университетіне арналған 2,2 миллиард доллар көлеміндегі ұзақ мерзімді гранттар мен 60 миллион доллардың ұзақ мерзімді келісімшарттарын тоқтатып қоятынын хабарлайды", – деп жазылған АҚШ білім министрлігі сайтындағы хабарламада.

"Оқу үрдісінің бұзылуынан кейінгі жылдары кампустар жапа шеккен, мұндай жағдай мүлде жараспайды. Еврей студенттерге қысым көрсетуге жол беруге болмайды. Элиталық университеттер салық төлеушілердің қолдауы жалғассын десе, бұл мәселеге мән беріп қарап, маңызды өзгерістер енгізу жауапкершілігін мойнына алғаны жөн", – делінген мәлімдемеде.

Өткен аптада Ақ үй Гарвард университетіне талаптарын жіберген. Онда университетке кемінде 2028 жылға дейін федералдық қадағалау енгізу, шетелдік студенттерді қабылдау жүйесіне аудит жүргізу және де әралуандықты мойындау мен тең мүмкіндікті қамтамасыз ету саясаты мен бағдарламаларын жабу қарастырылған.

AP агенттігінің жазуынша, бұған қоса Трамп әкімшілігінің Гарвардқа қойған талаптары арасында университеттің, оқытушылар мен оқу орны басшылығының әралуандыққа деген көзқарасын тексеру және кампус аумағында бетперде тағып жүруге тыйым салу да бар. Журналистер бетпердеге тыйым салу талабы палестиналықтарға қолдау көрсетіп наразылық білдіретіндерге қарсы бағытталған дейді.

Гарвард университетінің президенті Алан Гарбер оқу орны үкіметтің талаптарына келіспейді деп мәлімдеді. "Университет өз тәуелсіздігін тәрк етпейді және конституциялық құқықтарынан бас тартпайды", – деді Гарбер.

Университет өкілдері Ақ үй университет қауымдастығын бақылауды ұстағысы келеді деп есептейді.

Гарвард Трамп әкімшілігінің талаптарына мойынсұнудан ашық түрде бас тартқан алғашқы элиталық жоғары оқу орны болып отыр. Наурыз айында АҚШ үкіметі Колумбия университетін қаржыландыруды 400 миллион долларға қысқартқан еді. Оқу орнының өкілдері бұл мәселе бойынша Ақ үймен "белсенді диалог жүргізіп", қаржыны қайтаруға тырысып жатқанын айтқан.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп елдегі жетекші университеттерді палестиналықтарға қолдау көрсеткен наразылықтар кезінде ұлты еврей студенттерді қорғай алмады және студенттер ортасында антисемитизмнің өсіп-өнуіне жол беріп отыр деп кінәлаған.

Your browser doesn’t support HTML5

АҚШ Израильді сынаған студентті депортацияламақ